Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 10 қазандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Армения Республикасы 2015 жылғы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болды.
«Еуразиялық экономикалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздер нәтижесінде Армения Республикасына қосылған сәттен бастап 7 жыл ішінде 981 тауарға қатысты неғұрлым төмен кедендік әкелу баждарын қолдану мүмкіндігі берілді. Бұл ет, жарма, химиялық өнімдер, автомобильдер, дәрі-дәрмектер, жабдықтардың, құралдардың және асыл тастардың кейбір түрлері. Бұл ретте осы тізбені жыл сайын қысқарту көзделген. Арменияға берілген өтпелі кезең 2022 жылы аяқталады. 2019 жылғы желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында Армения Республикасының Премьер-Министрі Бірыңғай кедендік тарифке көшу кезеңін ұзарту туралы өтінішпен жүгінді. Армения Республикасында қалыптасып отырған экономикалық жағдайды ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың қалған мемлекеттері неғұрлым төмен баждарды қолдану мүмкіндігін 1 жылға ұзартуға келісті», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, өтпелі кезең 553 тауарға қатысты ұзартылды.
Көлік тобына қатысты өтпелі кезең ұзартылмады және 2020 жылғы 1 қаңтарда аяқталды.