Парламент Мәжілісі "Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл заң жобасы Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды. Заң жобасына сәйкес, зейнетақы туралы заңнамаға бірнеше өзгерту енгізілді.
"Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, зейнетақы мөлшері үш есеге көбейеді. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға, ал базалық зейнетақы 7 пайызға өсті. Екінші кезеңде, 2017 жылдың 1 шілдесінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 20 пайызға дейін өссе, базалық зейнетақы 13 пайызға көбейеді. Нәтижесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға өседі. Зейнетақының минималдық мөлшері 40 мың 950 теңге болады. Бұл барлық зейнеткерге қатысты, яғни 2 миллионнан аса адамға", - деді министр Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, базалық зейнетақы зейнеткерлердің 1998 жылға дейінгі еңбек өтілінен бастап есептелінеді. Яғни, зейнеткерлерге еңбек өтілі жайлы қосымша құжаттар жинау керек емес.
Оның сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылы зейнетақы мөлшерінің 20 пайызға дейін артуын ескере отырып, заң жобасында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінен 50-ден 54 пайызға дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Осылайша, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері, азаматтардың еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударымдар кезеңі: 10 жылдан аспаса, онда ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын; 20 жыл болса - ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызын; 33 жылдан асқанда - ең төмен күнкөріс деңгейің 100 пайызын құрайды.
«Нәтижесінде, еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болады. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 2 млн зейнеткердің: 44,7 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 74 пайызынан жоғары алатын болады; 45,2 пайызы ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алады немесе базалық зейнетақысы бүгінгіге қарағанда 2 есе көп болады деп күтілуде», - деп нақтылады министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5 пайыз жарналары есебінен қалыптастырылатын шартты-жинақтаушы компонентін енгізу көзделген болатын. Қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, заң жобасында жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру қарастырылған.
Бұдан басқа, заң жобасында балалы отбасыларды мемлекеттік қолдауға бағытталған нормалар қарастырылған. Біріншіден, бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 20 пайызға арттыру көзделген. Жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 31,41 айлық есептік көрсеткіштен 38 айлық есептік көрсеткішке дейін (71 270 теңгеден 86 222 теңгеге дейін), төртінші және одан көп балаға 52,35 айлық есептік көрсеткіштің 63 айлық есептік көрсеткішке дейін (118 783 теңгеден 142 947 теңгеге дейін) артатын болады.
Елімізде жылына 400 мыңдай бала дүниеге келетінін ескерсек, шамамен 300 мыңнан астам отбасы арттырылған мөлшерде жәрдемақы алады. Нәтижесінде, 2017 жылы жәрдемақының мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артады.
Еске сала кетейік, осыған дейін 2017 жылы бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерінің қалай өсетіні белгілі болған еді. Сонымен қатар, Министр 2,1 миллионға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 миллиард теңге бөлінетінін атап айтқан болатын.