25 жел, 2019 сағат 11:16

Мәжіліс улы газдар мен бактериологиялық құралдарға тыйым салатын құжатты мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы (Женева, 1925 жылғы маусым) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруын пайдаланбау, барлық биологиялық зерттеулерді тек бейбіт мақсатта пайдалану, халықаралық қауіпсіздікті нығайту бойынша өз ұстанымын әлемдік деңгейде көтеріп, нақты істермен дәлелдеді. Қазақстан бактериологиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге әрі олардың қорын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны бұрын ратификациялаған. Уәкілетті орган ретінде 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі болған еді. Осы қабылданған конвенцияны толықтыратын және нығайтушы элементтер ретінде саналатын Женева хаттамасы болып отыр. Бұл екі халықаралық құжат бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ұсынылып отырған Женева хаттамасы халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады әрі осы саладағы қажетті тетіктердің бірі болып саналады. Аталмыш хаттама 20 ғасырдың басында қабылданса да, бүгінге дейін ол осы химиялық тұншықтыратын, улы бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салатын басты заңды құжаттың бірі болып танылды. Сондықтан министрлік Женева хаттамасын ратификациялау мәселесін назарға ұсынып отыр», - деді А. Аймағамбетов.

Осы орайда ол аталған құжат еліміздің сыртқы саясатының тұжырымдамасына сәйкес келетінін атап өтті.

«Президент Әкімшілігінің және Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмасы бойынша Женева хаттамасын ратификациялау мәселесі біздің министрлікке жүктелген болатын. Құжаттың ғылыми-құқықтық сараптамасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүргізді. Осы сараптамаға сәйкес, Женева хаттамасы Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасына, сондай-ақ еліміздің халықаралық шарттар туралы заңға толық көлемде сәйкес келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.