17 қар, 2021 сағат 12:59

Мәжіліс судьялар корпусының кәсібилігін арттыруға бағытталған құжатты мақұлдады


Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасын ҚР Парламентінің депутаттары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия әзірлеген сот жүйесін жетілдіру жөніндегі тәсілдерді іске асыру мақсатында әзірледі. 

Осылайша, заң жобасында судьялар корпусының кәсібилігін арттыруға, сондай-ақ судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған түзетулердің екі блогы көзделіп отыр.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, заң жобасында судья кадрларды іріктеу және судьялардың кәсіби қызметін бағалау тетіктерін жетілдіруге, судьяларды жауапқа тартудың ескірген мерзімдерін ұлғайтуға, сондай-ақ соттарды қаржыландырудың жаңа моделін белгілеуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде. 

Соттарды қаржыландырудың жаңа моделін белгілеу, сондай-ақ судьялардың өзін-өзі басқару органдарының қаражатты бөлуі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Республика Конституциясында соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және ол сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс деп белгіленген.

Жұмыс тобы аясында заң жобасын талқылау кезінде тәртіптік іс жүргізу аясында судьяның іс-әрекетін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы мәселелерді облыстық соттың жалпы отырысының талқылауына шығару мерзімдерін нақтылау бойынша түзетулер қабылданды.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына облыстық соттың судьясы қызметіне үміткер, құқықтың жекелеген салаларының мамандары болып саналатын адамдарды конкурстық іріктеуге қатысты нақтылаушы түзетулер енгізілді.

Сондай-ақ аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде шалғайдағы және құрамы аз соттарда кемінде бес жыл жұмыс істеген судьяның басымдығына қатысты түзетулер енгізілді. 

Бұдан басқа, құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша заң техникасына қатысты және редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.

Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды.