19 қаз, 2022 сағат 13:23

Мәжіліс сайлауына, зейнетақы мен жәрдемақыны көбейтуге 200 миллиардтан аса қаржы сұралды


Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізуге 220 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Мәжілісте "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы қаралды.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар 2023 жылға арналған заң жобасына түзету енгізуді ұсынды.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы мөлшерін ұлғайту, бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын ұлғайту, Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны монетизациялау, жастарды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға депутаттар 219,9 миллиард теңге бөлуді ұсынды", - деді Мәжіліс депутаты Анатолий Бойчин.

Оның айтуынша, әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс аясында жекелеген шараларды жүзеге асыруға 14,7 миллиард теңге бөлу ұсынылды.

Сонымен қатар тұрғын үй құрылыс жинақтарының салымдары бойынша сыйлықақы төлеуге - 35 миллиард.

Айта кетерлігі, 2023 жылға республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 21 триллион 2,9 миллиард теңге көлемінде жоспарланған.