Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы Мемлекет басшысының өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленді және өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың негізгі қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Басты міндет - өнеркәсіптің әлеуетін толық ашу, осы орайда Президенттің тапсырмасының маңызы өте зор», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Негізі өнеркәсіп саласының заңнамалық базасын жаңартудың қажеттілігі мынадай басты факторларға негізделіп отыр:
- өнеркәсіптік саясатты қайта қарау бойынша батыл шараларды талап ететін әлемдік экономика қысымының күшеюі.
- ұлттық экономиканың өзіндік жеткіліктілігін қамтамасыз ету үшін бизнестің нақты жүйелі проблемаларын шешу.
- энергетикалық ресурстар мен шикізат металдарына әлемдік бағалардың тұрақсыздығы жағдайында индустрияландыру саясатының рөлін күшейту.
- Қазақстанның өндіріс саласына қаражат салуға мүдделі шетелдік инвесторлар үшін белгі беру.
«Аталған факторларды назарға ала отырып, заң жобасының мақсаты айқындалды. Ол – бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту арқылы сала дамуының шикізаттық моделінен кетіп, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету», - деді министр.
Заң жобасы келесі негізгі міндеттерді іске асыруға бағытталған:
1) ел халқының әл-ауқатын арттыру;
2) қазіргі заманғы өнеркәсіптік инфрақұрылымды құру және дамыту;
3) жаңа жоғары технологиялық өндірістерді дамыту;
4) еңбек өнімділігін арттыру арқылы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
5) ұлттық экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру.
Заң жобасында 30-дан астам ұғымдар мен терминдердің анықтамалары қарастырылған. Олардың ішінде өнеркәсіп, өңдеуші өнеркәсіп, өнеркәсіптік саясат, Индустрия 4.0, шикізаттық емес экспорт және өзге де түйінді ұғымдар қамтылған.
Осыған байланысты жаңа терминдерді регламенттеу тиімді өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру үшін құқықтық негіз жасайтын болады.