07 сәу, 2021 сағат 10:59

Мәжіліс ерекше тауарларға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ерекше тауарларды бақылау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы экспортты, импортты, кері экспортты, транзитті бақылаудың, сондай-ақ қосарланған және әскери мақсаттағы тауарлар саласында қызметтер көрсетудің ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған. Құжаттың мақсаты - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау.

«Заң жобасында ұсынылған жаңалықтар қолданыстағы жүйенің барлық сәйкессіздіктерін, сондай-ақ шет елдердің озық тәжірибесін ескереді. Осылайша, заң жобасында мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын жүзеге асыру, рұқсат беру құжаттарын беруден бас тарту қосымша негіздерді енгізу бөлігінде тәуекелдерді бағалау бойынша жаңа тәсілдер қарастырылған. Бұдан басқа, рұқсат беру құжаттарының қолданылуын уақытша тоқтата тұру, тоқтату және жаңа ақпарат келіп түскен жағдайда тәуекелдерді қайта бағалауды жүргізу бойынша уәкілетті органның (ИИДМ) құзыреті белгіленеді», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, мәлімделген (бейбіт) мақсаттарда импортталған ерекше тауарлардың пайдаланылуына тиісті бақылауды қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық бақылау енгізіледі, ол Кәсіпкерлік кодекстің жалпы тәртібіне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Профилактикалық бақылау уәкілетті органның рұқсатынсыз Қазақстан Республикасының аумағында ерекше тауарларды беру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.

«Ерекше тауарлардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен бақылаусыз өткізілуін болдырмау үшін мемлекеттік кіріс органдарының бақылау жүргізу тәртібін айқындау жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасы резиденттерінің қосарланған және әскери мақсаттағы тауарлармен заңсыз келісімдерге қатысуына жол бермеу үшін аумақтан тыс делдалдық қызметтер мен техникалық көмекке рұқсат беруге бақылауы енгізіледі», - деді министр. 

Отандық өндірушілерге қолдау көрсету үшін, атомдық және ядролық бақылауға жататын материалдарды қоспағанда, қосарланған мақсаттағы тауарлардың экспорты үшін «жалпы лицензия» енгізіледі. «Жалпы лицензия» отандық өндірушілерге өз өнімдерін бірнеше елге және бірнеше контрагентке бір лицензия бойынша экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл сыртқы нарықтарда қосарланған мақсаттағы өнімді өткізуді жеңілдетуге жағдай туғызады.

«Ұсынылып отырған жаңалықтар экспорттық бақылаудың халықаралық режимдеріне кіру бойынша Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетуге оң ықпал етеді және өнеркәсіп секторына инвестициялар мен қазіргі заманғы технологияларды тарту үшін жағдай жасайды», - деді Б. Атамқұлов.