© коллаж: Қуаныш Сапарбай
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлихан Смайыловқа, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовқа және Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Наталья Годуноваға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмысы туралы депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Депутаттың айтуынша, Ұлттық банк БЖЗҚ-ның 14 триллион теңгеден асатын активтерін басқарады.
"Зейнетақы активтерін басқару нәтижелері аянышты. БЖЗҚ 2014 жылдан бері зейнетақы активтерінің жиынтық кірістілігі 115,2 пайыз инфляциямен 119,5 пайызды құрағанын айтты. Және бұл жетістік ретінде ұсынылды.
Бұл аргументтердің қисынсыздығын түсіну үшін 2014 жылдан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы үш есе өскенін еске салайын! Қарапайым тілмен айтқанда, жай ғана шетел валютасына инвестициялау арқылы БЖЗҚ-да екі есе көп пайда табуға болатын еді", - деді Жамалов.
Депутат соңғы 12 айда БЖЗҚ рентабельділігі алты пайыздан аспағанын, ал азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асқанын атап өтті.
"БЖЗҚ біздің мәселелерімізді шешеді деп күтудің қажеті жоқ. Себебі, БЖЗҚ біздің басты мәселеміз сияқты.
Мемлекет басшысы халықтың борыштық жүктемесі мәселесіне назар аударған болатын. Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметі бойынша, 1,5 миллионға жуық қазақстандық өз несиелерін төлей алмай жүр екен. Сонымен бірге зейнетақы жинақтары құнсызданып барады", - деп қосты депутат.
Жамалов қазақстандықтарға өз жинақтарын әлеуметтік шара ретінде пайдалану құқығын беруді ұсынды:
- кез келген несиені өтеуге;
- емделу ақысын төлеуге;
- коммуналдық төлемдерді төлеуге;
- балаларды оқытуға және басқа да өмірлік маңызды қажеттіліктерге зейнетақы жинақтарының 30 пайызын, бірақ бір миллион теңгеден аспайтын мөлшерде.