27 сәу, 2022 сағат 15:55

Мәжіліс депутаты «Көне Тараз» музейінің мүшкіл халін айтып, Үкіметке сауал жолдады


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген «Көне Тараз» музейінің жеті жылға жуық уақыт бойы жұмыс істемей тұрғанын айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2015 жылы елімізде мемлекеттігіміздің бастауы - Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Республикалық деңгейде қолға алынған мерекелік іс-шараның шарықтау шегі Тараз қаласында болды. 

Осы салтанаттың аясында көне қаланың қақ ортасында «Көне Тараз музейінің» ашылуы біздің мәдени-рухани өмірімізде елеулі оқиға болғаны анық. 

Алайда, атаулы жаңалықтың жалғасуы, ұлттық мәдени мәні мен оның халықаралық деңгейде туристерді қызықтыратын жолын ашпай, мүлдем тоқтап қалды. 

Себебі, атақ-даңқы алысқа кетіп, сырттай әсемдігі көз тартатын су жаңа музей ғимараты сапасыз салынған болып шықты. 

Төбесінен су сорғалады, жертөле үй-жайы жарамсыз, кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау, желдету және жылыту, салқындату жүйелері мүлдем жұмыс істемейді», - деді депутат. 

Депутаттың мәліметі бойынша, бұл құрылысты салуға және сол уақытта музейлендіруге 1 млрд. 200 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. 

«Осыншама мемлекет қаржысы ауаға ұшқанмен бірдей болады. Жергілікті атқару органдары бас мердігердің жұмысты сапасыз орындағаны үшін келісім-шартты бұзуы, одан кейін қайта жөндеу жұмыстарына жүгінуі ешқандай нәтиже берген жоқ. 

Жеті жылға жуық жұмыс істемей, көзге күйік болып, қаңқиып тұрған бұл музейдің тағдыры қалай болғанда да шешілуі тиіс», - деген Мәжіліс өкілі «AMANAT» партиясы фракциясының атынанбірнеше нақты ұсыныс айтты. 

Олар: 

1) Осы «сақалды құрылысты» аяқтаудың амалын қарастыру; 

2) Шешім қабылдаған шенеуніктердің жауапкершілік деңгейін анықтау; 

3) Мұндай сорақылықтың қайталанбауы үшін құқықтық жағдай жасау.