Бүгін Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста қайтыс болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетовті бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«1 қарашада белгілі мемлекет және саяси қайраткер, танымал тұлға, Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылым депутаты Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов өмірден өтті. Ол Қазақстанымыздың саяси-экономикалық дамуына, туризм және спорт саласының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Парламент депутаты болып еліміздің заң саласының қалыптасуына да зор ықпал етті», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Осы орайда Т. Досмұхамбетов өзіне жүктелген қызметін үлкен абыроймен атқарғаны атап өтілді.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған Темірхан Мыңайдарұлының ақжарқын асыл бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасына және барша жақындарына орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып көңіл айтамыз», - деді Н. Нығматулин.
Жалпы отырыстың басында депутаттар Глеб Щегельскийді бір минут үнсіздікпен еске алды.