21 қаз, 2020 сағат 10:51

Мәжіліс 2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы құжатты мақұлдады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биылғы бюджет жобасын қалыптастыру әлемдегі экономикалық ахуалдың нашарлауы мен қолайсыз санитариялық-эпидемиологиялық ахуал жағдайында жүзеге асырылды. Макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, 2021 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4 пайызынан 2023 жылы кезең-кезеңмен 2,1 пайызына дейін төмендеуімен жоспарланған», - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның сөзіне қарағанда, шығыстар 2021 жылы 14 трлн теңгені құрайды. Бюджет жобасын қалыптастыру кезіндегі басты қағидат орта мерзімді кезеңге айқындалған бағыттар мен міндеттерді, сондай-ақ қабылданған барлық әлеуметтік міндеттемелерді жүйелі түрде іске асыру болды.

«Осылайша, үш жылдық кезеңде әлеуметтік саланың шығыстары 23,4 трлн теңгені, оның ішінде 2021 жылы ағымдағы жылмен салыстырғанда 394 млрд теңгеге ұлғайып, 7,1 трлн теңгені құрайтын болады. Шығындардың жалпы көлеміндегі әлеуметтік саланың үлесі келесі жылы 50,4 пайыз болады», - деді министр. 

Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығыстар орта мерзімді кезеңде 3,2 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2021 жылы 1,7 трлн теңге болады. Бұл ретте «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын қаржымен қамтамасыз ету бюджеттің басым бағыты болып қалады. 

Заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында депутаттардың ұсыныстары бойынша бірқатар түзетулер енгізілді. Түзетулердің бірінші тобы Мемлекет басшысының Жолдауын, сондай-ақ оның жекелеген тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған: 

1) әскери қызметшілерге азық-түлік үлестерінің құнын ұлғайту;

2) ауылдық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер салу;

3) Жұмыспен қамту жол картасы аясында жекелеген жобаларды іске асыруды жалғастыру.

«Екінші топ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, «Nur Otan» фракциясының отырысында ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етуге және газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстарды ұлғайту туралы шешім қабылданды. Осы бағыттарды қаржыландыру көзі сараптамалық зерттеулер жүргізу, жаңа гранттарды қаржыландыру және квазисектор субъектілеріне жіберілетін шығыстарды оңтайландыру есебінен болды. Түзетулер кезінде Есеп комитетінің ұсынымдары ескерілді», - деді Е. Жамаубаев. 

2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4 трлн теңге бөлінетін болады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 28 пайызынан астамын құрайды.

«Түзетулердің үшінші тобы Мемлекет басшысының жекелеген мемлекеттік органдарды құру және қайта ұйымдастыру жөніндегі жарлықтарын іске асыруға бағытталған. Бұл ретте, шығыстарды ұлғайтпай, үш жаңа ведомствоның қызметін қамтамасыз етуге қаражат қайта бөлінді», - деді министр.