21 қаз, 2020 сағат 10:10

Мәжіліс: 2021 – 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт айқындалды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021 – 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Заң жобасында Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін 2021 жылы - 2 700 млрд теңге, 2022 жылы - 2 400 млрд теңге, 2023 жылы 2 200 млрд теңге сомасында белгілеу көзделеді. Заң жобасында сондай-ақ кепілдендірілген трансфертті пайдаланудың нысаналы бағыты айқындалды», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. 

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағыттау ұсынылады.

«2021-2023 жылдарға белгіленген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшерлері Ұлттық қордағы қаражаттың жалпы ішкі өнімнің 30 пайыз мөлшерінде төмендемейтін қалдық бойынша шарттың орындалуын қамтамасыз етеді», - деді министр.