Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто өз елінің Қазақстаннан алатын мұнай көлемін арттырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто Қазақстанға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен бірге БАҚ өкілдерінің алдына шығып, сұрақтарға жауап берді.
«Біздегі қажеттіліктің 65%-ын Ресей мұнайы жауып отыр. Бұл біз осылай ойластырғандықтан жасалған нәрсе емес. Мажарстанды энергиямен қамтамасыз етудің жалғыз физикалық жолы осы болып тұр. Яғни, мұнай құбырын салу өте қымбат әрі өте көп уақытты қажет етеді. Осының бәрін ескергендіктен қажетті мұнайдың 65 пайызын «Дружба» мұнай құбыры арқылы алып отырмыз. Бұл - күн сайын 20 мың тонна мұнай деген сөз», - деді Петер Сийарто.
Сондай-ақ, ол мұнай импортында Қазақстанның үлесі артқанын атап өтті.
«Кейінгі кезде Қазақстаннан мұнай сатып алу көлемін де көбейттік. Қазіргі таңда біз тұтынатын мұнайдың 16%-ы Қазақстаннан келеді. Бұл көлем де Ресей арқылы біріктірілген мұнай құбырымен жетеді. Бұл мәселе түбегейлі ұлттық мүддемізге сай қаралып жатқанын атап өткім келеді. Бұл туралы Батыстың немесе Шығыстың не ойлайтыны маңызды емес. Біз үшін жалғыз мәселе маңызды, ол – Мажарстанды энергиямен қамтамасыз ету. Бұл іске қатер төнбеуі керек. Ешкім мажар халқының Украинадағы шиеленіс үшін қалтасынан құн төлегенін талап ете алмайды», - деді Мажарстан өкілі.