03 мам, 2022 сағат 13:26

Мажарстан 17 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 269 млн доллар инвестиция салған


Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа биыл 30 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартоның Қазақстанға жұмыс сапары барысында айтты.

«Мажар достарымыздың елімізге сапары Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Бүгін біз Петер Сийарто мырзамен ашықтық пен өзара түсіністік рухында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Мажарстан байланыстарын талқылап, жаһандық және өңірлік күн тәртібінің көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмастық. Сонымен қатар, мажар әріптестерімізді елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралар туралы ақпаратпен таныстырып өттім», - деді Мұхтар Тілеуберді БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде. 

Оның мәліметі бойынша, екі елдің арасныда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. 

«Коронавирус індетіне қарамастан, өткен жылы екіжақты тауар айналымы 23,2% өсіп, 138,7 млн долларға жетті. Қазақстанның Мажарстанға экспортын әртараптандыру мақсатында мұнай-газ өңдеу, металлургия, химия, құрылыс және азық-түлік өнеркәсібі өнімдерімен қамтамасыз етуге дайын екенімізді жеткіздік. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына Мажарстаннан 269 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестициялар тартылды және бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Отандық нарықта «MOL», «Gedeon Richter», «Egis» және тағы да басқа ірі мажар компаниялары жұмыс істейді», - деді министр.