Маймылдың сайқымазақ, бүлдiргiш екенi әйгiлi. Мешiн жылы “партия қалаулылары” – депутат мырзалардың аузына бiр дұрыс сөз салмай-ақ кеттi. Аяқ астынан бүлiнiп, Астана қаласының атауын өзгерту туралы ұсыныс жасаған Қуаныш Сұлтанов, балабақшалар жетпей жатыр, бала тууды шектеу керек деген Дариға Назарбаева, миллиондаған халық пайдаланатын фейсбук әлеуметтiк желiсiн жауып тастауды көздеп, ерекше жауыққан Бекболат Тiлеуханов секiлдi депутаттардың сөзi жұртқа жақпады. Мұны ендi мешiннiң ықпал-әсерiне баласаңыз, өзiңiз бiлiңiз.
Жыл сайын жазғытұрым ел iшiн у-шу қылатын су тасқыны былтыр да қайталанды. Жергiлiктi атқарушы билiк Арқа жерiне наурыз келiсiмен-ақ, “су тасқыны” болады, апаттың алдын аламыз деп сендiредi. Сөйтсе де, әр жыл сайын жүздеген елдi мекен су астында қалып, жүздеген шақырым жолдарды су шайып, көпiрлердi бұзып жатады. Сөйтiп, бүлiнген елдiмекендер биылғы тасқынның зардабынан құтыламай-ақ, келесi жылдың тасқынына барып ұрынады. Мысалы, 2015 жылы көктемгi тасқыннан қатты зардап шеккен Ақмола облысындағы Оразақ ауылында 50 пәтерлi екi үй салынып, оның 52-сiнiң кiлтiн тұрғындарға табыстаған. Одан басқа Қосшы ауылында 45 пәтерлi көп қабатты екi үйдiң және Ақмол ауылында осы секiлдi 45 пәтерлi екi үйдiң салынып жатқаны хабарланған. Бiрақ көп ұзамай осы пәтерлерге қатысты дау бұрқ ете қалды. “Шенеунiктер жаңа пәтерлердi тасқыннан зардап шеккен отбасылар ғана алады деп сендiрген едi, бiрақ бөлiс кезiнде пәтерлер аудан мен ауыл әкiмдiгiндегiлердiң туыс-туғандарына тидi. Жоғарғы жаққа қаншама шағымдандық, бiрақ ешқандай нәтиже жоқ”, – деп Оразақ ауылының тұрғындары ақпарат құралдарына мұңдарын шақты. Осыған қарап, бiздiң шенеунiктер де мешiн секiлдi, бiрдеңенi бүлдiрiп, шулатпаса жүре алмайтынын байқайсың.
Мешiн жылының ел үшiн әкелген тағы бiр апаты – жаздың басында толассыз жауған жаңбыр. Осының салдарынан Арқа өңiрiндегi шөлейттi аймақ саналатын аудандардың өзiнде өзеншелер тасып, ел iшiн әуре-сарсаңға салды. Мәлiметке жүгiнсек, 2016 жылы көктемгi су тасқыны мен жазғы жаңбырдың салдарынан Ақмола, Солтүстiк Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарында 43 елдi мекендi су алып, мыңнан астам адам құтқарылды. 513 тұрғын үй су астында қалып, 190 шақырым автокөлiк жолдарын су шайып кеткен.
Айтпақшы, бүлдiргiш мешiн биылғы жылдың басты жобасы – ЭКСПО құрылысының бiр жағын опырып түсiрдi. Дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен 5 миллионға жуық адам келiп тамашалайтын көрменiң құрылғылары басталмай жатып құлап, бiр адам зардап шектi. Құдай сақтап, қонақтар келмей тұрып алдын-ала қирады, егер үйiндiнiң астында шетелдiктер қалып қойғанда, масқара болатын едiк.
Айтпақшы мешiннiң күзiнде Өскемендегi бiр көпiр опат болды. Ертiстiң үстiне салынған көпiрдi бұзу кезiнде ол күтпеген жерден құлай бастаған. Көпiрдiң үстiнде жүрген төрт адамның бiреуi аяғынан жарақат алды. Жарайды, ескi көпiр болғасын, құламай тұрмайды ғой дейсiң. Бiрақ кейiнгi жылдары осы көпiрдiң жөндеу жұмыстарына 6 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған екен. Сонша ақшаны құлайтын көпiрге шығындағанша, неге бiрден жаңасын салмады?
Бiзде ешнәрсеге таңғалуға болмайды. Қылмыс жасап күдiктi саналған шенеунiктер жазаланғанның орнына, керiсiнше қызметте жоғарылайды. Әдiлдiк iздеген адам қудаланып, түрмеге қамалады. Қазақстанда тұратын бiр шетелдiк дипломат: “Қазақстанда мен түсiнбейтiн бiр мәселе бар. Бұл жақта үлескерлiкпен көпқабатты тұрғын үйлер салынады екен. Бiрақ құрылыс компаниясы үлескерлердi алдап, олардың ақшаларын алып, шетелге қашып кетедi. Алданған үлескерлер сосын құқық қорғау орындарына шағымданып, тiптi президенттiң атына да хат жазады. Өкiнiшке қарай, оларды ешкiм тыңдағысы келмейдi. Амалы таусылған үлескерлер сосын көшеге шеруге шығады. Сол кезде полиция оларды ұстап алып, түрмеге тығады. Маған осы жерi түсiнiксiз”, – дептi.
Иә, Қазақстанда адам түсiнбейтiн жайттар өте көп. Өткен мешiн жылында жер саудасынан бастап, қарапайым халық түсiне бермейтiн небiр оқиғалар орын алды. Жаңа жылдың алғашқы күнiнде опық жегiзген бастан өткен жайттарды бекерге еске алып отырған жоқпыз. Олардың қайталанбауына қам жасайық.
"Жас Алаш" газеті