Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфляцияны ауыздықтауға бағытталған шаралар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық банк сіз 2021 жылы айқындаған негізгі басымдықтарға сәйкес іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге бағытталған бейімделген ақша-кредит саясатын жүргізді. Биылғы ақпанда сіздің макрокономикалық саясаттың үлесін күшейту мақсатында алға қойған міндеттеріңізді іске асыру үшін Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен 2021-2023 жылдарға арналған келісімге қол қойды», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол, сондай-ақ, елдегі инфляция деңгейі 7,9 пайыз болғанын атап, оны тізгіндеп ұстау үшін реформалар әзірлеуге күш салынып жатқанын мәлім етті.
«Жыл басынан бастап жекелеген тұтыну нарықтарындағы теңгерімсіздік нәтижесінде инфляция 2021 жылғы маусымда 7,9 процент болды. Орта мерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыру үшін Ұлттық банк наурызда монетарлық негіздерді күшейтуге, қаржы нарығын дамытуға және экономикада құрылымдық реформалар жүргізуге бағытталған ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын бекітті», - деді Ерболат Досаев.