10 шіл, 2021 сағат 13:11

Маусым айында теңге бағамы нығайды - Досаев


Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында валюта нарығындағы ахуалға тоқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бүкіл әлемде экономикалық өсімнің кейінге шегерулі салдарынан қазір серпілістер болып жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның макроэкономикасында шетел валютасына деген сұранысты арттырып, теңгеге біршама қысым түсіріп отыр. Дегенмен, маусым айында мұнай бағасының нығаюы теңгенің бағамына да оң әсер еткен. 

«Бірінші жартыжылдықта валюта нарығы сыртқы нарықтардың құбылмалылығына қарамастан айтарлықтай тұрақты болды. Маусым айының қорытындысы бойынша мұнай бағасының 8,4%-ға өсуі теңге бағамын 0,9%-ға немесе 425 теңгеге дейін нығатты», - деді Ұлттық банк басшысы.

Ерболат Досаевтың айтуынша, импортқа деген сұраныс теңге бағамына қысым көрсетуін жалғастыра бермек.

«Екінші тоқсаннан бастап іскерлік белсенділікті қалпына келтіру, импортқа кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру және шетелдік инвестордың дивидендтік төлемдері есебінен сұраныстың артуы байқалады. Аталған факторларды ескерсек, шетел валютасына өсіп келе жатқан сұраныс пен АҚШ долларының биылдың өзінде 2,8 пайызға жаһандық нығаюы теңгеге елеулі қысым көрсетуін жалғастырып отыр» - деді Ұлттық банк төрағасы.