02 шіл, 2021 сағат 11:38

Маусым айында отандық өндірушілер өсімдік майын 5,4% қымбаттатқан


Өткен маусым айында өсімдік майын өндіруші қазақстандық кәсіпорындар бағаны 5,4%, шайға - 2,8% қымбаттатқан. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Биылғы маусым айында оның алдыңғы мамырмен салыстырғанда отандық өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың бағасы 3,1% жоғарылаған. 

Атап айтқанда, өткен айда азық-түлік өнімдерін өндіруші отандық кәсіпорындарда баға өсімдік майына - 5,4%, шайға - 2,8%, құс етіне - 1,7%, мал етіне, жармаларға және нанға - 0,7%-дан, күрішке - 0,5%, сүт өнімдеріне 0,3% жоғарылады. Керісінше, қара бидай ұнына - 3,1%, қантқа - 0,5%, макарон өнімдеріне 0,3% төмендеген. 

Баға электр энергиясымен және сумен жабдықтауда электр энергиясы 0,7% қымбаттады. 

Сондай-ақ тау-кен өндіру саласында бағаның металл кендеріне - 6,3%, мұнайға - 3%, көмірге - 0,8%, табиғи газға 0,2% жоғарылауы байқалды.

Өңдеу саласында баға қара металдар илегіне - 10,7%, қорғасынға - 9,2%, мысқа - 8,6%, мырышқа - 4,6%, асыл металдарға - 4,4%, алюминийге - 4%, ферроқорытпаларға 3,4% көтерілді. Мұнай өнімдерінен бензинге - 4%, мазутқа - 0,8%, дизель отынына 0,3% қымбаттады. Сұйытылған пропан және бутанға 0,6% арзандады.