Фото: Президент баспасөз қызметі
Мәулен Әшімбаев қайтадан Сенат төрағасы болып сайланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Депутаттар жасырын дауыс беру арқылы ел Президенті ұсынған кандидатураны бірауыздан мақұлдады. Әшімбаевты сайлауға 50 депутат дауыс берді, қарсы даулар жоқ", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары палата отырысында Сенат төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынған еді.
"Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан оны Сенат Төрағалығына лайық деп санаймын. Сенаттың қызметі табысты болсын", – деді Президент.
Еске салайық, Әшімбаев 2020 жылдың мамырынан 2023 жылдың қаңтарына дейін Сенат төрағасы қызметін атқарған.
Мәулен Сағатханұлы 1971 жылғы 28 қаңтарда Алматыда туған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Тафтс университетінің Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) бітірген. Экономист - политэкономия мұғалімі, халықаралық қатынастар магистрі. Саяси ғылымдар кандидаты.
1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеген. 1994 жылғы мамыр – 1995 жылғы наурыз аралығында – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі.
1995 жылғы маусым – қараша аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының консультанты. 1995 жылғы қараша – 1999 жылғы сәуір аралығында - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, басшысының бірінші орынбасары.
1999 жылғы сәуір – 2000 жылғы мамыр аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі. 2000 жылғы мамыр – 2002 жылғы ақпан аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
2002 жылғы ақпан – 2005 жылғы мамыр аралығында – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005 жылғы мамыр – 2006 жылғы сәуір аралығында – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары.
2006 жылғы сәуір – 2011 жылғы қазан аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2012 жылғы қаңтар – 2018 жылғы ақпан аралығында –бесінші, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
2018 жылғы ақпан – 2019 жылғы маусым аралығында – «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. 2019 жылғы шілде – желтоқсан айларында – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2019 жылғы желтоқсан - 2020 жылғы мамыр аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
2020 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.
2023 жылы қаңтарда Президент Жарлығымен Сенат депутаты болып қайта тағайындалды.
«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және мерекелік медальдармен марапатталған.