Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгінгі отырыста сотқа түсінік берген Сейітқазы Матаев салық төлеуде қателіктер жібергенін, соның нәтижесінде миллиондаған соманы төлеуден жалтарғанын мойындады.
«Барлық есеп-қисап жұмыстарымен менің марқұм досым – Александр Қимасов айналысты. Ол өткен жылы 21 қыркүйекте Мәскеуде ауыр науқастан қайтыс болды. Шынымды айтсам, өзім әлі күнге дейін компьютермен жұмыс істеуді білмеймін. Мен салық төлейтін кезде 130.00 формасын, 100.00, 101.04 формаларын тапсыру керектігінен хабарсыз болдым. Сондықтан салық төлеуде қателіктер жібергенімді мойындаймын. Бұл жерде жасыратын ештеңе де жоқ»,- деп түсіндірді С. Матаев. Оның айтуынша, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті қызметін атқарған А. Қимасов есеп-қисаппен қоса, тендерлік құжаттарды дайындаумен айналысқан. Сөйте тұра «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің штатында жалғыз ғана Сейітқазы Матаев тіркеліпті. «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің штатында жалғыз өзім ғана болдым. Ал «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-нің штатында 50-ге жуық қызметкерлер жұмыс істеді. Солардың жалақысын агенттік өзі тауып берді, мемлекеттен ақша алған жоқ»,- деді С. Матаев соттағы сөзінде.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің салық төлемдері бойынша тексеруінен анықталғандай, Сейітқазы Матаев заңды тұлға ретінде бюджетке 168 730 897 мың теңге корпоративтік табыс салығын төлеуден жалтарған. Сонымен қатар, жеке табыс салығы бойынша 2011-2015 жылдары 65 420 741 теңге, резидент болып табылмайтын тұлғалар үшін 2011- 2014 жылдары 8 578 748 теңге төленбеген. Атап айтарлығы, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің ішкі үдерісінде ірі көлемдегі ақша айналымына байланысты С. Матаев 100.00 (онда заңды тұлғалардың корпоративтік табыс салығы бойынша табысы көрсетіледі), 101.04 (бұл резидент болып табылмайтын заңды тұлғалар үшін тапсырылады) және 200.00 (онда азаматтық тұлғалардың табысын көрсетеді) нөмірлі салық төлеу формаларын тапсыруға міндетті болған. Алайда ол табысын жасырып, тек 130.00 салық төлеу формасын тапсырып келген. Онда коммерциялық емес ұйымның табысы көрсетілетіндіктен салық төленбейді.
Сотқа дейінгі тергеу іс-шараларынан анықталғандай, «2010-2015 жылдар аралығында Сейітқазы Матаев өз ұлы – «ҚазТАГ ХАА» ЖШС-інің бас директоры Әсет Матаевпен бірлесіп, алдын-ала бір топ адамдармен сөз байласып, алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен мемлекеттік сатып алу саласындағы 169 млн. теңге бюджет қаражатын жымқырды» деп айыпталуда. Бірақ ол мұндай айыптаулармен келіскен жоқ. «Мен ешқандай ақша ұрлаған жоқпын. Егер көп ақша ұрласам, оған пәтерлер мен автокөліктер сатып алмаймын ба? «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің қарамағында бірде-бір көлік жоқ. Біз жұмыс істейтін жерге жақын тұратындықтан автобуспен немесе жаяу қатынадық. Тіпті банкке де жаяу баратынбыз»,- деп түсіндірді С. Матаев. Соттағы сөзінде ол өзінің де, туыстарының да қаражаты жоқтығын айтты. «Бәрін тексерді. Тіпті менің енді тәй-тәйлап жүрген немерелерімді де тексерді. Сол тексерілген 64 адамның ішіндегі үшеуі ғана туыстарым: келінім, өзім және ұлым»,- деді «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ-нің президенті.
Әмірлан Әлімжан