Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында түсінік берген Сейітқазы Матаев өз атына түсірілген азаматтық шағымдармен келіспейтінін хабарлады. «Мен «Қазақтелеком» АҚ-ның және Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті түсірген азаматтық шағымдармен келіспеймін. Себебі біз өз мойнымызға алған барлық міндеттемелерді орындадық»,- деді ол сот судьясына берген жауабында.
Айта кетелік, бұған дейінгі сот отырысында зардап шеккен тарап «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС-інен 2010-2015 жылдары Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен жасалған шарттардың талаптары бойынша агенттікке төленген қаражатты толықтай өндіріп беруді өтінген болатын. Азаматтық шағымда «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің көрсеткен қызметі техникалық сипаттамаға сәйкес келмегені туралы айтылды. Оны сотқа Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің сараптамалық департаменті директорының орынбасары Рауан Ахметов оқып берді.
«Азаматтық шағымды түсіру барысында біз Қаржылық бақылау комитеті өкілдерінің, филологтардың және IT-технологиялары мамандарының тұжырымын басшылыққа алдық. Шарттың талаптары бойынша «ҚазТАГ» халықаралық ақпараттық агенттігі» ЖШС-гі техникалық сипаттамада көрсетілгендей көлемде шарттың талаптарына сәйкес келетіндей қызметті іске асыру керек болатын. Алайда тексеру барысында ол қызметтің шарт талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Қызмет түрі шарттың талаптарына сәйкес көрсетілмегендіктен, әрбір шарт бойынша бюджеттен аударылған қаражат республикалық бюджеттің кірісіне толық көлемде өндіріліп алынады»,- деп түсіндірді Рауан Ахметов.
Өзінің сотқа берген жауабында Сейітқазы Матаев Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің ешқандай лауазымды тұлғаларымен кездеспегенін айтты. «Айыптау актісінде айтылғандай, сол кездегі комитет төрағасы Болат Берсебаевпен арамызда ешқандай да келісім болған жоқ»,- деді С. Матаев. Алайда бұған дейінгі сот отырысында Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің бұрынғы төрағасы Болат Берсебаев Сейітқазы Матаевтың өзіне пайдакүнемдік қызығушылықпен өтініш жасап, «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігімен екі лот бойынша «бір көзден» қаражат бөлуге шарт жасауды ұсынғанын айтты. «Мен Сейітқазы Матаевпен «Ұлттық баспасөз клубының» Алматыдағы ғимаратында кездестім. Матаев шарт жасауды сұрады. Менің онымен жанжалдасуға ешқандай ниетім болған жоқ. Оған қоса «ҚазТАГ» сияқты беделді агенттіктің мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді және сапалы насихаттайтынына үміт арттым»,- деді куәгер.
Тергеудің нұсқасы бойынша, 2010-2015 жылдар аралығында Сейітқазы Матаев өз ұлы – «ҚазТАГ ХАА» ЖШС-інің бас директоры Әсет Матаевпен бірлесіп алдын-ала бір топ адамдармен сөз байласып, алдау мен сенімді теріс мақсатқа пайдалану жолымен мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырған. Ұрланған ақшаның көлемі 169 млн. теңгені құрайды. Айтпақшы, соттың бүгінгі отырысында Сейітқазы Матаев: «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің штатында жалғыз өзім ғана болдым» деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ол қоғамдық бірлестікке ешқандай мүшелікке өтпеген азаматтық тұлғаларға 254 млн. 721 теңге аударғанын да растады.
Әмірлан Әлімжан