19 қыр, 2016 сағат 15:52

Матаевтар ісі. Куәгер «Ұлттық баспасөз клубы» қызметкерлерімен еңбек шартын жасамағанын айтты

Астана қаласындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша куәгерлерден жауап алу одан әрі жалғасуда. Бүгінгі сот отырысында куәгерлер «Салықтан жалтарды»  деген екінші эпизод бойынша сотқа түсінік берді.

«Мен 2007 жылы «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігіне жұмысқа қабылданғанда қандай да бір құжаттарға қол қойдым. Бірақ оның еңбек шарты екені есімде жоқ. Білетінім, менің жалақымнан зейнетақы қорына ақша аударылған емес»,- деп мәлімдеді куәгер, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің штаттан тыс қызметкері Құдайберді Мәженов.

«Сейітқазы Матаевпен 2007 жылы таныстым. Ол мені «Ұлттық баспасөз клубына» жұмысқа шақырды. Мен Астанадағы «Ұлттық баспасөз клубының» ғимаратындағы бөлмелерді жалға беру міндетін атқардым. Маған Матаев әр үш жыл сайын жеке сенімхат беріп отырды. Алғашында ай сайын 135 мың теңге, кейінірек 160-165 мың теңге алдым. 2015 жылдан бастап еңбекақым 170 мың теңгеге көбейді», - деді куәгер соттағы сөзінде. Оның айтуынша, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі 14 адамға жалақы төлейді. Бірақ ешкіммен арнайы еңбек шарты жасалмаған.

Ол прокурордың: «Сіз «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігімен еңбек шартын жасадыңыз ба?» деген сұрағына: «Есімде жоқ. 2007 жылы қандай да бір құжаттарға қол қойғанмын»,- деп өз сөзіне күмәнмен жауап қайырды. Атап айтарлығы, Құдайберді Мәженов күні бүгінге дейін «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің Астанадағы ғимаратында әкімші болып жұмыс істейді.

Сейітқазы Матаев Қ. Мәженовке ғимараттарды ұстап тұруға ай сайын қомақты қаражат аударып отырған. Бірде оның көлемі 970 мың теңгені, ал кейде 1 млн 500 мың теңгені құраған. Бірақ ол бұл ақшалардың «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінен түскенін білмеген. Айтарлығы, ол ақша өкілдіктің қызметкерлеріне айлық еңбекақы ретінде берілгенімен, азаматтық тұлғалардың барлығы қоғамдық бірлестіктің іс жүзіндегі не мүшесі, не қызметкері болмаған.

«Ұлттық баспасөз клубында» штаттан тыс курьер болып жұмыс істеген Мира Имағанбетова да еңбек шартын жасамаған. Соған қарамастан ай сайын 150  мың теңге жалақы алған. Ресми жұмысқа тіркелмегендіктен зейнетақы қорына ешқандай ақша аудармаған. Жеке табыс салыған да төлемеген. «Мені жұмысқа қабылдағанда ешкім құжат сұрамады. Аптасына екі-үш рет жұмысқа бардым. Негізінен  «Ұлттық баспасөз клубының» құжаттарын қала ішіндегі мекемелерге жеткіздім»,- деп әңгімеледі сотта М. Имағанбетова. Айтарлығы, 2011 жылы оның банкі карточкасына ай сайын 150 000 теңге түсіп тұрған. Ол бұл ақшаның «Ұлттық баспасөз клубынан» екенін білмепті. Өйткені қоғамдық бірлестік зейнетақы қорына ақша аудармаған, жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты төлемеген. Сайып келгенде, мекемеге ешқандай еңбек шартын жасамай жұмысқа қабылданған, тіпті жұмысқа қабылдау туралы ешқандай бұйрық шғарылмаған. 

Тергеудің нұсқасы бойынша, Сейітқазы Матаев 2011-2015 жылдары өзінің туыстары мен «Ұлттық баспасөз клубының» мүшесі болып табылмайтын басқа да азаматтардың карточкасына 264, 7 млн. теңге аударған. Алайда С. Матаев жауапты тұлға ретінде ол ақшадан жеке табыс салығын төлеуі тиіс болған, ол үшін декларация тапсыру міндетті. Сайып келгенде, тергеудің нұсқасы бойынша Сейітқазы Матаев 2011-2015 жылдары 300 млн. теңгеден астам салық төлеуден жалтарған.

Әмірлан Әлімжан