11 мам, 2018 сағат 09:14

Мәскеуде ұсталған Жомарт Ертаев Ресей азаматтығын сұрады

Танымал банкир Жомарт Ертаев Ресей азаматтығын алуды сұрады.

Бейсенбі күні Мәскеуде сот отырысы болып, оны қамауға алу мәселесі қаралды, деп хабарлайды РИА Новости.

"Сот қабылдаған шешім бойынша, қосымша айғақтарды, оның ішінде РФ азаматтығын алу туралы өтінішін қарау қорытындысы ұсынылғанша Ертаевты ұстау мерзімі ұзартылды", — деп, судья мерзімді 13 мамыр сағат 20.00-ге дейін ұзартты.

Мәскеу прокуратурасы Қазақстанда халықаралық іздеуде жүрген Ертаевты еліне экстрадициялау үшін бұлтартпау шарасы ретінде 16 маусымға дейін қамауға алуды сұрады.

Банкир 8 мамырда Мәскеуде ұсталған болатын. Аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін Жомарт Ертаевқа халықаралық іздеу салынған.

Мұның алдында Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің өкілдері қазақстандық банкир әрі кәсіпкер Жомарт Ертаевтың не себепті ұсталғанын айтқан болатын. 

"Ол "Bank RBK" АҚ директорлар кеңесінің төрағасының кеңесшісі бола отырып, келісілген ЖШС-ларға 80 миллион доллар көлемінде банктік қарыз беруді лоббилеген, сондай-ақ, алған қаражаттарды алдағы уақытта қайтармау мақсатында әрекет еткен", - деп хабарлаған еді министрлік өкілдері.

Қазіргі уақытта Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр. Ертаевтың қорғаушылары сотқа оның халықаралық іссапарда жүргенін және жасырынбағанын мәлімдеді.