Мәскеудің арбитраждық соты БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтан 420 млн доллар өндіріп алу бойынша аталмыш банктің шағымын қанағаттандырды, деп хабарлайды РАПСИ.
Мәскеу арбитраждық сотының анықтамасында көрсетілгендей, сот БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязовтан 420 миллион долларға жуық қаржыны өндіріп алу бойынша Лондон жоғарғы сотының шешімін РФ аумағында тану және орындау туралы БТА Банктің өтінішін қанағаттандырды.
Бұл шешімге бір айдың ішінде Мәскеу арбитраждық сотына шағым түсіруге болады.
2012 жылдың 23 қараша күні Лондон жоғарғы соты БТА Банктің Әбілязовқа, Роман Солодченкоға, Drey Associates Limited, Interfunding Facilities Limited, «АМК-Инвест» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШҚ, «ТуранАлем Капитал» ЖШҚ және Zrl Beteiligungs AG компанияларына қатысты түсірген шағымы бойынша шешім шығарды.
Қазақстандық банк Мәскеу арбитраждық сотынан Мұхтар Әбілязовқа қатысты Лондон жоғарғы сотының шығарған шешімін РФ аумағында мойындау туралы өтініш білдірді.
Еске сала кетейік, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов Қазақстанда, Ресейде және Украинада барлығы 11 бап бойынша айыпталды. 2009 жылдың 6 наурызында Әбілязов халықаралық іздеуге жарияланды. Себебі оған және ол басшылық еткен қылмыстық топқа сеніп тапсырылған мүлікті иемденгендігі және талан-таражға салғандығы, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы бөтен мүлікті ұрлағандығы, заңсыз жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастырғандығы, банк қаражаттарын заңсыз пайдаланғандығы, өкілеттікті асыра пайдаланғандығы және қылмыстық топқа басшылық еткендігі бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен, 176-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтары бойынша - 24-бабының 3-бөлігімен, 177-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен, 193-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарымен, 220-бабының 1-бөлігімен, 228-бабымен, 235-бабы 3-бөлігімен қарастырылған) айыптар тағылған болатын.
Қазіргі таңда БТА банкінің экс-басшысы Мұхтар Әбілязов пен оның сыбаластарына қатысты іс сотқа жолданды.