Мәскеу мен Байқоңыр арасындағы тікелей әрі тұрақты рейс алынып тасталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
«Соңғы рейс 2018 жылдың 7 желтоқсанында ұшты», - деп хабарланды Байқоңыр қаласының әуе кассасынан.
Ал ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің хабарламасына сүйенсек, соңғы жылдары ресейлік әуе компаниялары Мәскеу - Байқоңыр - Мәскеу бағытындағы рейстерді тұрақсыз сипатта орындап келеді. Негізінен ұшақтар Байқоңырға Мәскеуден ғарышкерлер мен олардың отбасын жеткізу мақсатында ұшуда. Яғни, Мәскеу мен Байқоңыр арасында тұрақты рейс жоқ.
«Тұрақсыз рейстерді ресейлік әуе компаниялары орындайды. Жуық арада екі қала арасында тағы да рейстер орындалады. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың ақпан және наурыз айларында «АЛРОСА» әуе компаниясы «Роскосмос» қызметкерлері мен олардың отбасын тасымалдау мақсатында Мәскеу (Домодедово әуежайы) - Байқоңыр (Крайний әуежайы) - Мәскеу (Домодедово әуежайы) бағдары бойынша бірнеше тұрақты емес рейстер орындайды. Сонымен қатар, осы жылдың ақпан айында ресейлік тағы бір «Nord Star Airlines» әуе компаниясы да С.П. Королев атындағы «Энергия» зымыранды-ғарыш корпорациясының қызметкерлерін тасымалдау үшін Мәскеу (Домодедово әуежайы) - Байқоңыр (Крайний әуежайы) - Мәскеу (Домодедово әуежайы) бағдары бойынша ұшақ ұшырмақ», - делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Осылайша, Мәскеу мен Байқоңыр арасындағы тұрақты емес әуе рейстерін «Байқоңыр» ғарыш айлағы компаниясының тапсырысымен ресейлік әуе компаниялары жүргізеді. Әуе компанияларында аталған бағыт бойынша ұшуға барлық құқық бар.