Машина жасау саласын дамутыдың 2019-2024 жылдарға арналған бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумында айтты.
«Еліміздің сапалы дамуы өңдеуші өнеркәсіптің неғұрлым тиімді және бәсекеге қабілетті бағыттарына өнеркәсіптік саясатты шоғырландыруға негізделуі тиіс. Әлемдік тәжірибеде машина жасау «технологиялсы күрделі» салалардың қатарына кіреді. Сондықтан біз, неғұрлым күрделі және тиісінше қосымша құны жоғары тауарларды өндіруге тиіспіз. Машина жасау өнімінің отандық өндірісін қолдау үшін министрлік Қазақстанның машина жасаушылар Одағымен бірлесіп, машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі, бекітті және іске асыруда», - деді вице-министрі форумның пелнарлық отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, жол картасы салық преференцияларын енгізу, институционалдық ортаны жетілдіру, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, техникалық реттеу шараларын жетілдіру, экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу бөлігінде іс-шараларды көздейді.
«Қазіргі уақытта машина жасауды дамыту жөніндегі 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын өзектендіру жүргізілуде, онда отандық тауар өндірушілерді қолдау мен ынталандырудың қосымша тетіктері бойынша ұсыныстар әзірленді.
Осылайша, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында министрлік кәсіпкерлікті ынталандыру туралы ерікті келісім жасасу бойынша шара ұсынды.
Келісімге жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті орган мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында қол қойылады және халықаралық міндеттемелерге қайшы келмейді.
Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша 37 жер қойнауын пайдаланушымен 46 келісімге және көмірсутек шикізаты бойынша 65 жер қойнауын пайдаланушылмен 112 келісімге қол қойылды», - деді Марат Қарабаев.