17 ақп, 2022 сағат 11:55

Мас күйінде көлік тізгініне отырған әкім жұмыстан қуылды


Әдеп жөніндегі кеңес мас күйінде көлік айдағаны үшін Форт-Шевченко қаласының әкімі Шалқыбай Әзірбаевты жұмыстан шығаруды ұсынды.

Айта кетері, бұған дейін Әзірбаев митингке шыққандармен кездесуге барған кезде мас күйде көлік тізгініне отырғаны белгілі болды. Сол әрекеті үшін әкім 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Енді ол жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

"Кеңестің кезекті отырысында оны мемлекеттік қызметтен босату туралы бірауыздан шешім қабылданды. Заң мемлекеттік жұмысқа орналасуына шектеу қоймайды. Заңда бұл жағынан тыйым салудың нақты мерзімі белгіленбеген", - деді "Астана" телеарнасына мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Думағұлов.