Елорданың полиция қызметкерлері мас күйде көлік айдаған жүргізушіні ұстады. Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«28 қыркүйек күні сағат 16.00-де «102» нөміріне Момышұлы мен Жұмабаев көшелерінде «Toyota Highlander» маркалы автокөліктің жол ережесін бірнеше рет бұзғаны туралы хабарлама келіп түсті. Осы хабарламадан кейін полиция қызметкерлері аталмыш көлікке мінген жүргізушіні Абылай хан көшесінен ұстады. Ол мас болған. Тексеру кезінде жас жігіттің жүргізуші куәлігі де болмағаны анықталды», - деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Заң бұзған жүргізушіге қатысты Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы (608-бабы 6-бөлігі, 599-бабы 1-бөлігі, 600-бабы 1-бөлігі, 596-бабы 1-бөлігі) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамалған. Көлік коммуналдық айып тұрағына жеткізілді.