Мариупольде қоршауда қалған украин әскері Ресей қорғаныс министрлігінің қару-жарақты тастап, тұтқынға берілу талабына мойынсұнбайтынын мәлімдеген. Бұл туралы 17 сәуірде Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль хабарлады. Оның сөзінше, Мариупольдің кей жерін украин әскері бақылауда ұстап отыр.
Бұған дейін Ресей "Азовсталь" металлургия комбинаты аумағына бекінген Украина күштері қоршауда қалған, шабуыл кезінде теңіз жаяу әскерінің 36-бригадасының командирі, Украина батыры Владимир Баранюк қаза тапқан деп хабарлаған. Киев әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ.
Ресей әскері мен "Донецк халық республикасы" сепаратистік құрылымының күштері Мариупольді наурыздың басында қоршап алған. Олар содан бері украиндық "Азов" батальоны мен украиналық теңіз жаяу әскерінің 36-бригадасының үш мыңға жуық әскерінен "азат еттік" деп жатыр. Бригаданың біраз сарбазы бірнеше күн бұрын тұтқынға берілгені туралы ақпарат тараған.
Украина билігінің хабарлауынша, Ресей әскерінің шабуылынан Мариупольдегі ғимараттардың 90 пайызы қираған. Қанша бейбіт тұрғын қаза тапқанын анықтау әзірше мүмкін емес, бірақ куәгерлер мыңдаған адам мерт болған дейді.