15 нау, 2022 сағат 21:35

Марғұлан Сейсембаев ақшасын теңгемен ұстайтындарға оны сақтау мен тиімді жаратудың жолын айтты


Белгілі отандық инвестор Марғұлан Сейсембаев әлемдік экономикада қалыптасқан жағдайға байланысты теңге мен доллар ұстап отырған азаматтарға ақшаны сақтаудың, тиімді жұмсаудың жолдары туралы өз кеңесін ұсынды, деп жазады KAZ.NUR.KZ

Марғұлан Сейсембаев өзінің Youtube арнасында оқырмандардан жиі келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Кәсіпкер алдымен қазіргі қаржы-экономикалық жағдайдың күрделене түскеніне байланысты ұлттық валютаның қалай құнсызданатынын түсіндірді.

"Ең алдымен ұлттық валюта ұлттық экономиканың айнасы екенін есте ұстау керек. Әдетте экономикадағы ақшаның мөлшері ондағы (сол экономикадағы - ред.) өндірілген тауардың санымен тең болуы керек. Ақша - бұл өндірілген барлық тауардың құны. Экономикада өндіріс тоқтағанда немесе қысқарған кезде ақша сол қалпында қалса, ұлттық валюта құнсызданады.

Ұлттық валюта құнын жоғалтқанына қарамастан, үкімет әлеуметтік міндеттемелермен халықты қамтамасыз етуі керек. Сол үшін ұлттық банк ақша басып шығаруы мүмкін, осылайша зейнетақы, шәкіртақы және бюджеттік қызметкерлердің жалақысы сияқты төлемдерді жүзеге асырады. Алайда құнсызданудың кесірінен халықтың табысы азаяды", - дейді Марғұлан Сейсембаев.

Кәсіпкер ақшасын теңгедей ұстайтын азаматтарға оны нақты қандай қажеттіліктерге жұмсау керегін атап өтті.

"Біріншіден, өзіңізге қажетті тауар қорын немесе азық-түлік қорын жасақтаңыз. Ол алдағы 2-3 айға жеткілікті қор болуы тиіс. Қаңтардағы жағдай барлығымыздың есімізде, бесінші күні үйде бәріміз азық-түліксіз қалдық.

Екіншіден, баға қымбаттамай тұрғанда бұзылмайтын тауарларды сатып алып қойыңыз. Ондай тауарлар қатарына қарақұмық, макарон, консервілер сияқты тауарлар жатады.

Үшіншіден, өзіңізге қатты қажет шетелдің импорт тауарларын алып қойыңыз. Өйткені доллар құны қарқынды түрде өсе береді. Гигиена заттары, балаларға арналған жөргектер, тұрмыстық химия. Осы үш бағытта теңгеңізді жаратуға болады", - дейді Сейсембаев.

Кәсіпкер теңгедей ақша артылып жатса, оны шетел валютасына айырбастап алуға кеңес береді.

"Оның белгілі бір бөлігін, алдағы екі-үш айдың шығынын жаба алатындай соманы банктен алып, үйіңізде сақтаңыз", - дейді ол.

Сейсембаев елде қандай жағдай болмасын, азаматтардың тек өзіне арқа сүйеуі керек екенін айтады.