ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Тәуелсіздік күні қарсаңында марапат алғандардың ішінде мемлекеттік қызметшілер тым көп болды деген сынаушыларға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Марапат алғандардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер көп деген стереотипке қарсы мынаны айтқым келеді. Меніңше, марапат алғандардың арасында мемлекеттік қызметшілердің үлесі 10 пайыздан да аз шығар. Негізі олардың қай-қайсысы да марапатқа лайық еді. Мемлекеттік қызметшілер үнемі елдің көз алдында. Сондықтан да соларды ғана марапаттап жатқандай көрінетін шығар. Бірақ бұл олай емес. Тағы да қайталап айтайын, 10 пайызға де жетпейді», - деді ол «Ашық диалог» сұхбатында.
Сондай-ақ, ол медаль тағып, орден сыйлау тәжірибесі ескіліктің сарқыны дейтіндерге де жауап қатты.
«Биыл марапат жылдағыдан көп болды дегенмен келісемін. Бірақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығын күнде тойлап жатқан жоқпыз ғой. Анахронизм дегенге келсек, құрметті атақтар мен ордендер, медальдар табыстау практикасы біздің ғана бірегей дәстүріміз емес. Бүкіл өркениетті әлемде ондай тәжірибе бар. Бұл адамдарды ынталандырып, өскелең буынға үлгі ету үшін, еңбексүйгіштікті, патриоттық пен қоғамға қызметті насихаттау үшін жасалады. Мұндай тәжірибенің ешбір жаман жағы жоқ. Керісінше шығар», - деді Дәурен Абаев.