Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзінің жаңа орынбасарын таныстырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл қызметке облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Серік Тұрдалиев қайта тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары болған Серік Тұрдалиев бұл қызметтен өз еркімен кететінін әлеуметтік желіде жариялаған болатын.
«Биыл Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғаныма 5 жыл толды. Әрине, бұл - аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде тәжірибе жинақтадым. Көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар және жаңа көзқарас қажет. Сондықтан басшылықтан мені өз еркіммен жұмыстан босатуды сұрадым», - деп жазған еді Серік Тұрдалиев Facebook парақшасында 2017 жылдың маусым айында.
Айта кетейік, Серік Тұрдалиев бұған дейін осы қызметті атқарған Бағдат Манзоровтың орнына келді. Облыс әкімінің орынбасары болып Серік Тұрдалиевтің тағайындалғанын аталған ведомствоның баспасөз қызметі растады.
Серік Мелісұлы Тұрдалиев 1969 жылы туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы халық шаруашылығы академиясын ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы және іскери әкімшілік шебері мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын «Мақсат» сыртқы экономикалық акционерлік қоғамы Талғар филиалы бас директорының орынбасары болып бастады.
Әр жылдарда кәсіпкерлік және сауда саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Кейін Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының бөлшек сауда бөлімшесінің маманы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының, бірінші орынбасарының көмекшісі, Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорциясы» АҚ вице-президентінің, Алматы қаласында «Қазақмыс корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы орынбасарының, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Алматы қаласында «Қазақмыс корпорациясы» АҚ-ның қаржы және инвестиция жөніндегі директоры, «Қазақстан Халық банкі» АҚ атқарушы директоры, Директорлар кеңесінің хатшылық жетекшісі, Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары, президентінің, Басқарма төрағасының кеңесшісі, вице-президенті, вице-президенті-аппарат басшысы, әкімшілігінің басшысы, Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2017 жылдың шілде айынан – Алматы қаласындағы «Қайнар» ЖШС бақылау кеңесі төрағасының кеңесшісі.