Оның айтуынша, 4 пайыздық автонесие қатысушыларын тағы бір жағымсыз тосынсый күтіп тұр. Алматы тұрғыны банктен автонесие алу үшін несиенің барлық мерзіміне КАСКО сақтандыруын төлеуі керегін айтты. Ал ерікті-міндетті сақтандырудың бұл түрі жылына кемінде 200 мың теңге тұрады.
"Егер жеті жылға несие алсаң, онда КАСКО-ны бүкіл кезеңге төлеу керек. Ал бұл 1,4 миллион теңгеден асады. Яғни, жеңілдікпен автонесие берудің мағынасы жоғалады. Өйткені, мысалы, адам автокөлікті бастапқы жарнасыз 10 миллион теңгеге алады. Жылдық төрт пайызбен артық төлемі жеті жылға шамамен 1,5 миллион теңге болады. Бұл сомаға қосымша опцияларға кететін шамамен екі миллион теңге және КАСКО үшін кем дегенде 1,4 миллион теңге қосамыз.
Нәтижесінде, 10 миллион теңге тұратын жаңа көліктің артық төлемі шамамен бес миллион теңге болады. Ал бұл жылына төрт пайыз емес, 12 пайызға дейін жетеді. Мұның қай жері жеңілдетілген несие екені түсініксіз", - деп қосты ол.
Тағы бір алматылық тұрғын Вячеслав Ильин биыл ақпанда өз ақшасына автокөлік сатып алған. Ол ескі көлікті жаңасына ауыстырып, Trade-in бағдарламасына жүгінген. Бұрынғы көлігін автосалонға беріп, жаңа көлік үшін 10 миллион 300 мың теңге берген. Алайда жаңа автокөлікке орнатылған қосымша жабдық үшін тағы 300 мың теңге төлеуіне тура келіпті.
Фото ©Тengrinews.kz/Шоқан Алқабаев
Ал автокөлік сарапшысы Алексей Алексеев автосалондар қосымша опциялары жоқ көліктерді сатпауға құқығы барын айтты.
"Автокөлік - тауар, оның сату шарттарын белгілейтін сатушысы бар. Ал сатып алушы бұл шарттармен келісе ме, әлде басқа тауар мен басқа сатушы іздей ме, өзі біледі. Сондықтан қосымша жабдықтармен сатып алуға мәжбүрлеу заңды ма, жоқ па? Менің ойымша, сатушының көзқарасы заңды.
Бірақ кез келген жағдайда сатып алушы көлікті қосымша опциясыз сатуды талап етуге құқылы. Көбіне көлікті күтуге тура келеді, кейде алты айға дейін. Егер сатып алушы мұндай шарттарға дайын болса, онда ол көлікті сол кездегі прайс-лист бағасы бойынша алады", - деді ол.
Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті автокөлік дилері қосымша жабдығы бар көлікті сатуға тырысқан жағдайда не істеу керегін түсіндірді.
"Егер автосалонның ресми сайтында прайс-листте немесе брошюраларда шарттың барлық талабы, оның ішінде автомобильдің ресми құны көрсетілсе, онда тұтынушы оны сипаттамада көрсетілген жиынтық пен бағаға сатып алуға құқылы. Тауарды үлгі немесе сипаттама бойынша сатқан кезде тұтынушы үлгіге немесе сипаттамаға сәйкес келетін осы өнімді алуға құқылы. Сатушы тұтынушыға осындай тауарды беруге міндетті.
Қосымша ақы төленетін тауарлар тұтынушылардың құқығын бұзатын шарттарға жатады. Белгілі бір тауарларды сатып алу кезінде басқа тауарларды міндетті түрде сатып алу шартын қоюға заңмен тыйым салынады", - деді ведомство өкілдері.
4 пайыздық автонесиелеу бағдарламасы 16 мамырда басталған. Оның шарты бойынша кез келген қазақстандық автомобильді несиеге 4 пайызбен сатып ала алады. Автокредит 10 миллион теңгеден аспайтын сомаға және 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна 0 пайыздан басталады, көлік құралының жалпы құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұл жолы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттарына Hyundai, KIA, Chevrolet, LADA, JAC және Renault компанияларының кейбір моделі кіреді.
Автокредит алу үшін мына екінші деңгейлі банктерге жүгінуге болады: "Еуразиялық банк" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, Forte Bank АҚ.