24 қаң, 2022 сағат 14:56

Маңғыстаулық спортшы стритлифтингтен жаңа әлемдік рекорд орнатты


Маңғыстаулық Ильдар Ягьяев Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында турникке тартылудан чемпион атанды. Ол алты жылдан бері осы спорт түрінен әлемдегі ең үздік деп танылып келеді. Спортшы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ильдар Ягяев 96,5 келі салмақпен тартылып, жаңа әлемдік рекорд орнатты. Маңғыстау облыстық Стритворкаут және стритлифтинг федерациясының президенті Ильдар Ягьяев осы спорт түрін өңірде дамыту жоспарларымен бөлісті.

«Біздің негізгі мақсатымыз - өңірде стритворкаутты және стритлифтингті танымал ету. Осы мақсатта біз командамен бірге спортшылар үшін үнемі тегін жаттығулар мен түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Қазір біз демеуші тауып, Каспий теңізінің жағалауында Лос-Анджелестегі масл-бич сияқты жаттығу алаңын салуды жоспарлап отырмыз», - деді Маңғыстау облыстық Стритворкаут және стритлифтинг федерациясының президенті Ильдар Ягьяев.

Аталып өтілгендей, турникке тартылудан әлем чемпионатына әлемнің 20-дан астам елінен 200-ден астам атлет қатысты. Жарыс алты салмақ дәрежесінде өтті. Жалпы жүлде қоры 10 000 АҚШ долларын құрады.