Маңғыстау облысында өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын «Экотерра» ЖШС айыппұл мәселесі бойынша Жоғарғы сотқа жүгінді.
Аталған компания өкілдерінің мәліметінше, экологиялық тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға ешқандай негізсіз 4,1 млрд теңге сомасында айыппұл салынған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өткен жылы Маңғыстау облысы Экология департаменті біздің кәсіпорында тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша айыппұл салынды. Бір қарағанда, бұл кезекті тексеру секілді. Бірақ та бұл мәселе бұдан бұрын басталған болатын. Осыған дейін мұндай тексеріс жүргізілген еді, сол кезде Экология департаменті барлық төлемдер мен айыппұлдарды есептеп берді. Өз кезегімізде сотқа жүгініп, жергілікті маңғыстаулық сот біздің ұстанымның дұрыстығын бекітті. Соттарда біз өзіміздің құқығымызды қорғап шықтық», - деді аталған компанияның заңгері Игорь Тощанов.
Таратылған мәліметке қарағанда, 2015 жылы осы тектес талқылау барысында ҚР Жоғарғы соты «Экотерра» пайдасына шешімін шығарды. Оның негізінде «Экотерра» ЖШС өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу кезінде қалдықтарды өңдеудің үздіксіз өндірістік циклында қалдықтарды уақытша сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу талап етілмейді. Сәйкесінше, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем жасамауы тиіс.
ҚР экологиялық заңнамасы қалдықтардың пайда болуын азайтуға бағытталған және оларды қайта өңдеуді ынталандырады. Осыған байланысты кәсіпорынның қалдықтарын жайғастыру үшін алынатын экологиялық төлемдер есебінен қалдықтар қайта өңделуі тиіс. Яғни, кәсіпорын қалдықтарды өңдейтін болса, ол қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдерден босатылады, себебі ол қалдықтарды қоршаған ортаға тастамайды, керісінше өндірісте екінші рет пайдаланады.
«Жоғарғы соттың заңды шешімі бар. Алайда 2018 жылы бізді қайтадан қалдықтарды орналастырғаны үшін жауапқа тартып, айыппұлдарды есептеді. Біз сотқа барып, осыған дейін біздің пайдамызға тиісті шешім жасалғанын көрсеттік. Алайда оны ешкім де назарға алмады. Бізді кінәлі санап, эмиссия үшін төлем жасауды міндеттеп отыр», - деді заңгер.
Қазіргі уақытта «Экотерра» ЖШС облыстың бірінші және апелляциялық инстанциялардағы сотының шешімі негізінде әкімшілік жауапқа тартылуда. Оған қоса, тексеру актісі негізінде облыстың мемлекеттік кірістер органдарынан «Экотерра» ЖШС-ге жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге қоршаған ортаға эмиссиялар үшін ақы сомасын өндіріп алу туралы 4 хабарлама жіберілді.
Өз кезегінде компания басшылығы айтылған наразылықтармен келіспейтіндігін жариялады. Қазіргі уақытта «Экотерра» ЖШС-ін әкімшілік жауапқа тарту жөніндегі Маңғыстау облысы сотының шешіміне қатысты ҚР Жоғарғы сотына шағым жасалды.
Компанияның тең құрылтайшысы Гүлжихан Жақаеваның атап өтуінше, бүгінде компания 4 млрд теңге айыппұлды төлеуге қауқарсыз, осының салдары өндірісті банкротқа алып келуі мүмкін.
«Күйеуім екеуіміз компанияны өзіміз құрдық. Біздің кәсіпорында қалдықтарды толықтай қайта өңдейтін мүмкіндіктер бар. Қазіргі кезде компанияда 200 адам қызмет етуде, оларға 150-300 мың теңге сомасында еңбекақы төленіп келеді. Олардың барлығында отбасылары, алған несилері бар», - деді Г. Жақаева.
Айта кетейік, тексерулер қорытындысы бойынша «Экотерра» ЖШС 2016 жылдың қараша, желтоқсан айлары және 2017 жылы қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беруде белгіленген нормативтерден қалдықтарды асыра қайта өңдеп, соған сәйкес жайғастырғаны анықталды.