19 мам, 2026 сағат 17:20

Маңғыстаудағы салық дауы: әйелінен пәтердің жартысын сатып алған азаматқа салынған салық сотта жойылды


Фото: gov.kz

Маңғыстау облысында Ақтау тұрғыны мен салық органы арасындағы даулы іс сотта қаралды. Камералық бақылау нәтижесінде жіберілген хабарлама азаматтың жылжымайтын мүлікті сатуынан түскен кірісті декларацияламағаны және жеке табыс салығын төлемегені туралы талапқа негізделген болатын, деп хабарлайды Ult.kz.

Соттың мәліметінше, салық органы есептеген заңбұзушылық сомасы 887 500 теңгені құрады. Бұған келіспеген азамат сотқа жүгінді.

Іс барысында даулы пәтердің тарихы анықталды: тұрғын үй 2004 жылы ерлі-зайыптыларға айырбастау шарты арқылы берілген. Сол кезде олар Ақтаудың 11-шағын ауданындағы пәтерін 27-шағын аудандағы баспанаға ауыстырып, қосымша 1 миллион теңгеден астам төлем жасаған.

2023 жылы ер адам әйелінен пәтердің жарты үлесін 8 миллион теңгеге сатып алып, мүлікті толық өз атына рәсімдеген. Ал 2024 жылы бұл пәтер 16 875 000 теңгеге сатылған.

Салық органы табысты есептеу кезінде тек 2023 жылғы сатып алынған 8 миллион теңгені негізге алғанымен, мүліктің жартысына азамат 2004 жылдан бері иелік еткенін ескермеген.

Сот сондай-ақ салықты дұрыс есептеу үшін мүлік алынған кездегі кадастрлық құн сұралмағанын атап өтті.

Нәтижесінде салық органдарының хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар, жауапкер органға қатысты жеке ұйғарым шығарылды.