19 мам, 2026 сағат 14:14

Қарағандыда ересектер қарауынсыз қалған екі бала терезеден құлап кетті

Фото: ашық дереккөз

Қарағанды қаласында көпқабатты үйдің терезесінен екі кішкентай бала құлап, ауруханаға түсті. Қайғылы оқиға 17-шағынауданда болған, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомств мәліметінше, 2021 және 2024 жылы туған екі ұл бала ересектердің қарауынсыз қалып, бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтер терезесінен құлаған.

Түрлі дене жарақатын алған бүлдіршіндер облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оқиға кезінде пәтерде ересек адамдар болмағаны анықталған.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері Қарағанды облысында балалардың терезеден құлауына байланысты 10 жағдай тіркелген.

Өңірлік ТЖД ата-аналарға масаға қарсы торлардың қауіпсіздік құралы емес екенін ескертті. Құтқарушылар терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуға, терезе маңына жиһаз қоймауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.