Фото: Zakon.kz
19 мамырда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің Қазақстан Республикасының авиация саласын дамыту және цифрландыру мәселелеріне арналған отырысы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы және азаматтық авиацияны одан әрі дамыту міндеттері туралы баяндама жасады.
Отырыста сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел, «Air Astana» компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел баяндама жасады, әуежайлар мен әуе компанияларының басшылары қатысты.
Авиациялық қауіпсіздікті кешенді аудитінің (USAP-CMA) қорытындысы бойынша Қазақстан ИКАО стандарттарына сәйкестіктің 95,7% көрсеткішімен ТМД елдері арасында көшбасшы болды және әлемнің ең үздік 20 елінің қатарына енді. Қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру үшін Көліктік оқиғалар мен оқыс оқиғаларын тергеп-тексеру орталығы құрылды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) бірлесіп авиация саласын 2050 жылға дейін дамытудың Мастер-жоспары әзірленеді.
2026 жылдың алғашқы 4 айында отандық әуе компаниялары 4,6 млн жолаушы тасымалдады (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 15,4 млн), өңделген жүк көлемі шамамен 50 мың тоннаны құрады (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 173,3 мың тонна), еліміздің әуежайлары 9 млн жолаушыға қызмет көрсетті (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 31,8 млн).
2026 жылы жалпы қаржыландыру көлемі 6,4 млрд теңгені құрайтын 24 әлеуметтік маңызы бар бағыт субсидияланады. Ішкі маршруттық желінің дамуына туристік бағыттардың (Үржар–Алматы, Үржар–Астана, Үшарал–Астана, Үшарал–Алматы, Балқаш–Алматы, Балқаш–Астана) іске қосылуы қосымша серпін береді.
Халықаралық маршруттық желі кеңеюде: биыл 15 жаңа халықаралық бағыт ашылады, оның төртеуі қазірдің өзінде іске қосылған.
Жыл басынан бері қазақстандық әуе компанияларының паркі 3 ұшақпен толықты. Бүгінгі таңда әуе кемелерінің паркі 111 бірлікті құрайды. Жыл соңына дейін тағы 6 әуе кемесі келеді деп күтілуде, 2040 жылға қарай отандық әуе компаниялары әуе флотын 2,5 есеге (261 әуе кемесіне дейін) ұлғайтуды көздеп отыр.
Астана және Шымкент қалаларында екі ұшу-қону жолағы бойынша жобаларды іске асыру, сондай-ақ елдің 5 әуежайын (Алматы, Атырау, Үржар (терминал), Павлодар (ұшу-қону жолағы), Ақтау (перрон) жаңғырту көзделген. Кешенді жаңғыртуды қажет ететін барлық жобаларды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарлануда.
Аэрохабтарды қалыптастырудың жеке бағыты әуежайларды дамыту үшін институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасау болып табылады. Алты әуежайдың (Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды және Шымкент) функционалдық мамандануын ескере отырып, экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізбесін кеңейту көзделеді. Бұл ретте әуежай инфрақұрылымын жаңғыртудың айтарлықтай бөлігі жеке инвестицияларды тарта отырып жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, Түркия Республикасы Президентінің сапары барысында 14 мамырда Алматы әуежайын жаңғырту бойынша 190 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімге қол қойылды.
Соңғы бес жылда транзиттік ұшулардың төрт есе өсуі тіркелді. Бүгінгі таңда транзит аэронавигациялық қызмет көрсетуден түсетін кірістің негізгі бөлігін құрайды.
Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді және жүк тасымалдарын мемлекеттік ынталандыру механизмдерін енгізуді көздейтін отандық жүк авиакомпанияларын қолдау жөніндегі бес жылдық Іс-шаралар жоспары әзірленді. Қосымша жүк әуе кемелеріне бажсыз режим енгізілді.
Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың арқасында «ҚазМұнайГазАэро» арқылы өткізілетін авиаотынның құны өңірдегі ең бәсекеге қабілетті бағалардың бірі болып қала береді. Нарықты тұрақтандыру үшін отандық авиакомпаниялардың мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) тікелей қол жеткізу мүмкіндігі бар. Нәтижесінде жанармай құюға қонатын транзиттік рейстердің саны 16,3%-ға өсті.
Мемлекет шағын авиацияны дамыту үшін жағдай жасауда. Сертификаттарды алу құны 50% - ға төмендеді. Сақтандыру жүйесі де жаңғыртылуда.
