Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатының БН-350 реакторлық қондырғысын пайдаланудан шығару жобасы әзірленді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні БН-350 реакторлық қондырғысының пайдаланылған ядролық отыны 60 металл бетон контейнерге салынып, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында ұзақ мерзімді сақтауға орналастырылды. 2011 жылдан бері пайдаланылған ядролық отынды қорғау, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл ретте БН-350 реакторлық қондырғысының ғимараттары мен құрылыстарын қауіпсіз сақтау мақсатында «БН-350 реакторлық қондырғысын пайдаланудан шығару жобасы» техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Осы негіздемеге сәйкес 114,8 млрд теңге (2022-2032 жылдардағы баға) мөлшерінде қаржыландыру көзделген, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстары – 36 077,6 млн теңге, жабдықтар – 48 583,3 млн теңге, басқалары – 30 118,6 млн теңге», - делінген Үкімет басшысының жауабында.
Оның атап өтуінше, келесі кезең реактор қондырғысының бірінші контурындағы сұйық металл натрийді және сұйық радиоактивті қалдықтарды өңдеудің тиімді және оңтайлы әдістері мен технологияларын таңдау болып табылады. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен бірлесіп, жылдам нейтронды реакторларды пайдаланудан шығару кезінде туындайтын проблемалар және оларды шешу жолдары бойынша консультациялар жүргізуде.
«Халықаралық сарапшылардың пікірін ескере отырып, технологияны таңдау қорытындылары бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен БН-350 реакторлық қондырғысын ұзақ мерзімді қауіпсіз сақтау жағдайына келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады. Нақты жобалар бойынша жұмыстардың түпкілікті құны жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу нәтижелері бойынша айқындалатын болады», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов.