Маңғыстау облысында жаңа газ өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылғы 5 қаңтардан бастап елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін сұйытылған газ нарығы бойынша мынадай шұғыл іс-шаралар қабылданды. Өңірдің қашықтығына байланысты сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасы литріне 50-ден 75 теңгеге дейінгі дәлізде белгіленді. Сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы 38,7-ден 28 мың теңгеге дейін төмендетілді. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін Сауда-саттық қағидалары тоқтатыла тұрады. Оған сәйкес Энергетика министрлігі сұйытылған газды электрондық сауда-саттықтан тыс сататын болады. Өнімді беру жоспарын қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізу жөніндегі бұйрық бекітілді. Оған сәйкес республика аумағында көтерме және бөлшек саудада өткізу құқығы бар субъектілердің тізбесі кеңейтілді», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар ол сұйытылған мұнай газ нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі қосымша іс-шараларды да атады
«Қосымша іс-шаралар ретінде, оның ішінде ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, бағалардың алыпсатарлық ауытқуына жол бермей үшін мынадай іс-шаралар пысықталуда. Біріншіден - өндіруші зауыттардың сұйытылған газға шекті көтерме бағаларды белгіленген бөлшек сауда бағаларына сүйене отырып анықтау әдістемесін әзірлеу. Бұл түсімді зауыттар мен сатушылар арасында әділ бөлуге мүмкіндік береді. Екіншіден, жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытының орнына Маңғыстау облысында жаңа газ өңдеу зауытын жобалауға және салуға EPC-келісімшарт жасасу жоспарлануда. Жобаның алдын ала құны 167,7 млрд теңгені құрайды», - деді Болат Ақшолақов.