12 нау, 2020 сағат 18:44

Маңғыстауда Амал мерекесі тойланбайды - әкімдік

Маңғыстауда амал мерекесін тойлау кейінге шегеріледі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 жаңа коронавирустық инфекциясына байланысты пандемия жариялады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөнінде нақты міндеттер қойды. Осыған орай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, қабылданған шаралар туралы хабардар етті. 

Үкімет қабылдаған шешімге сәйкес, 13-14 наурыз күндері «Адай Ата – Отпан тау» рухани тарихи-мəдени кешенінде өтетін шара кейінге шегерілді. Шарада киіз үйлер тігіліп, 5000-ға жуық адам жиналатындықтан, түрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылданды.

«Амал мерекесі – татулықтың, келісімнің мейрамы. Ең бірінші кезекте адамның денсаулығы маңызды екенін түсінуіміз керек. Сондықтан ойымыз бір жерден шығып, ауызбіршілігімізді көрсетейік. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», - деді сөз соңында Қ.Жұмашев.

​Аймақтағы адам көп жиналатын мәдени шаралардың барлығы тоқтатылды.