Биылғы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлескен «Zhas Project» жобасын іске асыру жоспарланған болатын. Жобаның басты мақсаты - әлеуеті төмен жастарды қолдау, оларды бәсеге қабілетті болуға үйрету, өз жобаларын ашуға мүмкіндік беру.
Әлеуметтік жобаға 14-29 жас аралығындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасы жастары, жұмыссыз жастар, арнайы білім алмаған, табысы төмен жастар қатысты.
«Zhas Project» жобасы республикада 2017 жылдан бері жүзеге асуда. Биыл Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен Астана, Алматы қалаларында жүзеге асырылып отыр.
Ағымдағы жылы жоба үшін республика бойынша 1 100 грант бөлініп, әлеуметтік стартап жобасын жүзеге асыруға (әр жоба үшін) 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы қаралды.
Жобаға кең көлемде облыс жастарын тарту жөнінде өңір басшысы Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы мен осы салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенесарыұлының тікелей қадағалауымен 30-ға жуық кездесу өтіп, оған 2 мыңнан аса жас қатыстырылды. Нәтижесінде. 15 наурыздан 15 сәуір аралығына дейін zhasproject.kz сайтында 1264 өтініш қабылданды. Қабылданған жобалар үш кезеңдік іріктеуден өтті. Бірінші, техникалық іріктеуде құжаттар тексеріліп, 758 жоба екінші турға жіберілген болатын. Екінші турда комиссиялық бағалаудан 704 жоба өтіп, компьютерлік іріктеу үшінші кезеңіне өтті. Соңғы кезеңде Маңғыстау облысы 321 грант ұтып, республика бойынша ең көп грант ұтқан өңір ретінде тіркелді.
Мәселен Ақтау қаласы – 31, Жаңаөзен қаласы – 87, Маңғыстау ауданы – 52, Бейнеу ауданы - 42, Мұнайлы ауданы – 47, Түпқараған ауданы – 25, Қарақия ауданы – 37 әлеуметтік грантын жеңіп алды.
Осылайша, маңғыстаулық жастардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға 321 млн теңге көлемінде қайтарымсыз инвестиция беріліп отыр.