Маңғыстау облысында өтетін «Әбіш әлемі» І Халықаралық фестиваліне шет мемлекеттен 8 театр қатысады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Н.Жантөрин атындағы облыстық-музыкалық драма театрының директоры Нұрнияз Мұханов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған алғашқы театр фестивалі 2016 жылы желтоқсан айында республикалық деңгейде өтті. Оған ел өңірлерінен – 6 және Ресейден Ноғай театры қатысқан болатын. Биылғы қазан айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен, Маңғыстау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін фестивальдің ерекшелігі – оған әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше театр ұжымы қатысады. Атап айтқанда, Арменияның Абельян Ванадзор мемлекеттік драма театры, Грузияның Тбилисидің Мемлекеттік Азербайджан театры, Иранның Биле Савар Барбод театры, Өзбекстанның Хорезм театры, Тәжікстанның К.Худжанди атындағы музыкалық комедия театры, Түркияның Мемлекеттік театры, Түрікменістанның Мемлекеттік театры қойылымдарын ұсынады.
Ал Қазақстаннан фестивальге М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театры және Н.Жантөрин атындағы драма театры қатысады.
«Өкінішке орай, Әбекеңнің классикалық көркем шығармаларының сахналанғаны, оның ішінде өзге тілдерге аударылғаны тым аз. Сондықтан оларға биылғы фестивальге өз репертуарындағы ұлттық және классикалық қойылымдармен қатысуға рұқсат етілді. Ал болашақта Әбекең шығармаларын ұлттық және шет елдердің сахналарында сөйлетуге жан-жақты дайындық жүргізіледі деп ойлаймын. Бұл ретте, жалғыз біздің театр ғана емес, Әбіш ағаның әдеби мұрасына жанашыр қаламгер әріптестері, басқа да ынталы зиялы қауым белсене ат салысуы тиіс», - деді Нұрнияз Мұханов.
Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған мерекелік шараның ашылу салтанаты 11 қазан Амфитеатр сахнасында болады. Оны облыстың барлық тұрғыны келіп тамашалай алады.