13 сәу, 2018 сағат 13:02

Маңғыстау уылдырық үстінде отырған жоқ - Тоғжанов

Маңғыстау уылдырық үстінде отыр деген ойдан аулақ болу керек. Бұл жөнінде Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өңірде балық аулауға қазір тыйым салынған. Себебі, өздеріңіз білетіндей, қазір уылдырық шашатын мезгіл. Уылдырықты қай жақта шашатынын білесіздер. Негізінен, теңізден шыққан балығымыз Жайыққа қарай көтеріледі. Сондықтан, балықтар, негізінен Атырау жақта. Біздің облыс бойынша Шевченко порты секілді бір-екі үлкен жер бар. Балықтар сол аймақта көптеп жиналады. Балық теңіздің бүкіл жерінде жүре бермейді. Сондықтан, ол оңай дүние емес. Оған байланысты нақты тапсырмалар беріліп, шаралар жүргізіліп жатыр.

Маңғыстауда балық аулаудың өзі де оңай емес. Мына жоспарлы балық аулау деген бар емес пе, соның өзін Маңғыстау облысы орындай алмай отыр. Неге десеңіздер, теңіздегі балықты аулау қиын. Оған жұмсалатын қаржы көлемі ауланған балық қаражатымен пара-пар. Сондықтан, қазір көп адам теңізге шығып, балық аулағысы кеп отырған жоқ. Қазір, аталған салада 26 ұйым бар. Солардың барлығының басын қосып, белгілі бір шараларды ойластырып отырмыз. Сол себепті, Маңғыстау уылдырық үстінде отыр деген ойдан аулақ болу керек. Ондай жағдай бізде жоқ», - деді облыс әкімі.