30 жел, 2019 сағат 15:34

Маңғыстау туу көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр

Маңғыстау туу көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр. Жыл сайын өңірде 20 мың бала дүниеге келеді. Биыл өңірдегі халық саны 27 мыңға өсіп, 707 мың адамнан асты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірде денсаулық саласы жақсы көрсеткішпен дамып келеді. Мәселен, биыл ана өлімі 3%-ға төмендеп отыр. Өмір сүру ұзақтығы 74,5 жасқа жеткен. Жалпы, өлім көрсеткіші 2,6%-ға кеміді. 10-ға жуық озық технологиямен жабдықталған жеке меншік медициналық нысандар ашылды. 2019 жылы өңірде 82 мыңнан астам адам ауруханада емделіп шыққан, 5 мың науқасқа ота жасалған. Науқастың тез сауығуына мүмкіндік беретін түрлі әдістер пайда болды. Маңғыстаулық хирургтер жүрек, бүйрек, өкпе, асқазанға күрделі оталарды жасауды меңгерді. Облыстық ауруханадағы бір ғана эндоскопия бөлімінде 1 жылда 2 мың адамға ота істеліп, сырқатынан айықты.

«Осы 2 мың операцияның ішінде негізгісі эндоскопиялық жолмен істелуде. Операция саны да жыл сайын артып жатыр. Біздің бөлімде кезекке адамдар 1 ай бұрын жазылады. Республика ішінде ең үлкен көрсеткіш деуге болады», - дейді видеоэндоскопиялық хирургия бөлімінің меңгерушісі Талғат Мұқантаев.

Алдағы уақытта облыстық ауруханада ішкі ағзаларды ауыстыру оталарын жасауды жоспарлайды. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек мәселесі де тиімді шешілген. Өңірде биыл 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа 60 мың науқас тегін ем-дом қабылдаған.

Денсаулық сақтау саласында мәселе де жоқ емес. Соның бірі денсаулық сақтау нысандарын салу. Екінші мәселе мамандар тапшылығы әлі де байқалады.

«Маман тапшылығының басты себебі, кадрлар жекеменшік медициналық мекемелерге ауысуда. 240 маман жетіспейді. Жалпы тәжірибелік дәрігер, невропотолог, психиатор, аясы тар сала мамандары жетіспейді. Мамандарды тарту үшін бір мәселе – оларды баспанамен қамту», - дейді Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Әлімжанов.