Маңғыстау облысын дамытудың бесжылдық жоспары аясында шаруалардың су жеткізу шығындарын субсидиялау шаралары енгізілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл өңір үшін өте қиын болды, ауа райының өте ыстық болуы, сондай-ақ көктемде және жазда жауын-шашынның болмауы азық жағдайына қатты әсер етті және облыстың осы бағыттағы маңызды проблемаларын көбейтті. Бұл факторлардың барлығы кешенді жоспарда ескерілді, нәтижесінде «Агроөнеркәсіптік кешен» бөліміне 8 іс-шара енгізілді», - деді министр.
Айтуынша ол жобалар мына бағыттарды қамтыған:
- ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азықтың тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, жерасты суларына жете барлау жүргізу, «Бейнеу астық терминалының» мүлкін сатып алу мәселесін пысықтау;
- асыл тұқымды түйе шаруашылығын дамыту, инвестициялық субсидиялау және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау;
- жылыжай салу, балық өсіру, құрама жем, құс етін өндіру бойынша 147,3 млрд теңгенің 25 инвестициялық жобасын іске асыру.
«Биыл 8,8 млрд теңге сомасына 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 7,2 млрд теңге сомасына 6 жоба пайдалануға берілді. Қалған 6 жоба аяқталу сатысында, оларды төртінші тоқсанда пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді Ербол Қарашөкеев.