Бүгін Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Маңғыстау облысын ауыз сумен қамтамасыз етудегі мәселені айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде өз шешімін талап ететін бірқатар проблемалар бар. Ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету бойынша көшбасшылардың бірі - Маңғыстау облысы. Бірақ тұщы су көздерінің тапшылығына байланысты (әсіресе, жазда) халыққа су кесте бойынша беріледі. Қазіргі кезде өңір негізінен «Астрахан-Маңғышлақ» су құбыры және тұщыландырылған теңіз суы арқылы қамтамасыз етіледі. Олардың жиынтық қуаты тәулігіне 150 мың текше метрді құрайды. Жазғы кезеңде тәулігіне 51 мың текше метр ауыз су тапшылығы болады. Өңірдің даму деңгейін ескерсек, тапшылық 2025 жылға қарай тәулігіне 110 мың текше метрді құрауы мүмкін», - деді Өскенбаев.
Оның айтуынша, аталған проблеманы шешу мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі 8 су тұщыту зауытын салуды жоспарлап отыр.
«Бұл мақсатқа облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында қаржыландырудың барлық көздерінен 232 млрд теңге қарастырылған», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну деңгейі 46 пайызға артуы мүмкін.
Ауылдарды ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай (74,9%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (83,5%) тіркелген.