Маңғыстау облысындағы Қаламқас кен орнында өрт шықты, деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік қызметіне бүгін таңертең сағат 07:10-де өрт туралы хабар түсіпті.
"Өрт 10 метр биіктік пен 900 шаршы метр аумаққа таралған. Зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.
Тілсіз жаумен күресуге "Семсер Өрт Сөндіруші" ЖШС мен "Қаражанбас" ЖШС өртке қарсы қызметі жұмылдырылды. Өрт сөндіруге барлығы 14 адам мен 4 техника қатысқан.
Айта кетсек, бұған дейін 13 наурызда Қаламқас кен орнында төтенше жағдай болып, газ-суаралас қоспа атқылаған болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдемесінде айтылғандай, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.