Фото: t.me/POLICE_of_KZ
Маңғыстау облысында есірткінің ірі партиясы тәркіленді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жаcап.
11 маусымда сағат 00:30 шамасында "Қарасора-2023" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Маңғыстау облысы ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 14 шағынаудан мекенжайы бойынша есірткі заттарын сақтады деген күдікпен 29 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған.
"Тінту барысында күдіктіден 31,70 гр мефедрон бар 33 байлам тәркіленді.
Автокөлік пен пәтерді тінту кезінде тағы 212 байлам мефедрон тәркіленіп, құрамында псилоцибин бар 5 байлам галлюциногенді саңырауқұлақтар табылды. Күдікті есірткіні жасырған тағы бір орынды өз еркімен көрсетіп, ол жерден 532,34 гр мефедрон тәркіленді.
Барлығы 768,38 гр мефедрон және 165,43 гр псилоцибин тәркіленіп отыр" - делінген хабарламада.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.