Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері ер адамнан 41 келі марихуана және ірі көлемде ақша тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Маңғыстау облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, келіп түскен ақпарат бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 25 қараша сағат 02:30 шамасында Ақтау қаласындағы 11-шағын ауданның көпқабатты үйлерінің бірінде тұрақтаған 40 жастағы күдіктіні ұстады.
Жеке тінту барысында марихуананың 12 пакеті тәркіленді. Одан кейін тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде полицейлер 11 үлкен полиэтилен пакетке салынған марихуананы тапты. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы – 41 келі" - делінген хабарламада.
Сонымен қатар күдіктіден 3,3 млн теңгеге жуық ақшалай қаражат тәркіленген. Ол өз әрекетін толықтай мойындаған.
"Бұл дерек Ақтау қаласы ПБ СДТБТ-да ҚР-нің ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді" - делінген ПД хабарламасында.